Семейде Инклюзивті білім беру бағдарламаларын дамыту орталығы ашылды 25 мамыр күні Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде Израиль Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Уәкілетті елшісі Лиат Вексельман ханымның Шығыс Қазақстан облысына ресми сапары барысында Қазақстан-Израиль инклюзивті білім беру бағдарламаларын дамыту орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталық университет басшылығының бастамасымен ашылды. Негізгі мақсат – мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелеріне мектепке дейінгі білім беруден жоғарғы білім беруге дейінгі барлық деңгейлерде инклюзивті оқытуды толыққанды жүзеге асыруға көмектесу. Ашылу салтанаты кезінде университет ректоры, профессор Шырын Құрманбаева атап өткендей, Орталық инклюзивті білім беру міндеттерін іске асырып жүрген мамандар мен мекемелердің жұмысын өзара үйлестіруге, әдістемелік нұсқаулықтар мен бағдарламаларды әзірлеуге, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, әлеуметтік жобаларды іске асыруға және инклюзивті білім берумен айналысатын тараптардың диалог алаңы әрі ресурстық орталығы ретінде қызмет атқаруға бағытталған. Орталықтың ашылу салтанатына қала әкімнің орынбасары А.Садырбаев, білім беру бөлімінің басшысы Н.Фесенко, мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру салаларында инклюзивті білім беру мәселелерімен айналысып жүрген мамандар, университет басшылығы мен профессорлық оқытушылық құрамы қатысты. Орталықта өткен алғашқы диалог алаңында мамандар инклюзивті білім берудің қазіргі жай күйін, проблемалары мен перспективаларын талқылады. Мамандар бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелерді анықтап, жаңа Орталық іске асыратын міндеттерді айқындады. Израиль елшілігі, өз кезегінде, Орталық жұмысына жан-жақты қолдау білдіріп, білікті мамандар тарту, бірегей тәжірибемен бөлісу, мамандарды оқыту әрі мен бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Ашылу салтанатына қатысқан меймандар Орталықтың ашылуы Семей өңірі үшін үлкен олжа болғанын атап өтті. Өйткені инклюзивті білім беруді барлық деңгейде, толыққанды жүзеге асыруға деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Қазақстан-Израиль орталығы өңіріміздің дамуына бағытталған әлеуметтік жобалар мен бастамаларға серпін беретін бірден бір орталыққа айналмақ. #ҚазИГЗУ #ИнклюзивтіБілімБеру #ХалықаралықЫнтымақтастық