Халықаралық серіктестіктің жаңа белесі
25 мамыр күні университетімізде Израиль Мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Уәкілетті елшісі Лиат Вексельман ханымның Шығыс Қазақстан облысына ресми сапары барысында Қазақстан-Израиль инклюзивті білім беру бағдарламаларын дамыту орталығының ашылу салтанаты өтті. Бұл – оқу орнымыздың халықаралық серіктестік саласындағы кезекті жетістігі. Бұл жетістікке біз жылдар бойы инклюзивті білім беру саласын дамытуға еңбек сіңіріп жүрген мамандарымыз – оқытушыларымыз бен докторанттарымыздың арқасында жетіп отырмыз.
Жаңа орталықтың ашылуы – Семей өңірінде инклюзивті білім беруді дамытуға жаңаша серпін беретіні сөзсіз. Мамандардың жұмысы бір орталықтан үйлестіріліп, әдістемелік нұсқаулықтар мен бағдарламалар әзірлеу, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Әсіресе Израиль елінің озық тәжірибесін үйренуге мол мүмкіндіктер туды.
Қазірдің өзінде университетіміздің ұстаздары мен өңір мамандарын Израиль мемлекетінде оқыту жөнінде сөз байластық. Израиль Елшілігінің қолдауымен алдыңғы қатарлы оқу орындарымен тұрақты байланыс орнатуға қол жеткіземіз. Келешек перспективада – Израиль университеттерімен бірлескен оқу бағдарламаларын ашу көзделіп отыр.
Осы және өзге де сұрақтар Инклюзивті бағдарламаларды дамыту орталығында өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.
Өз атымнан және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының атынан Израиль мемлекетінің елшілігіне, әсіресе Уәкілетті Елші Лиат Вексельман ханымға – бізге деген сенім мен көрсеткен қолдаулары үшін алғысымды білдіремін!
Осындай халықаралық серіктестіктің іске асуына себепкер болған университет мамандарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін! Университет жетістігі – бірінші кезекте, мамандарымыз бен білім алушыларымыздың жетістігі деп білемін!